Олардың қатарында студенттер, оқытушылар, дәрігерлер, инженерлер, робот-техника, ІТ мамандары бар. Мақсат – 10 мүмкіндігі шектеулі жанның тұрмыстық жағдайын жақсартып, қимыл-қозғалыстарын жеңілдету үшін көмек беру.
Жалпы, Мейкатон ТОМ әлеуметтік шарасының географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл шара 2014 жылдан бері АҚШ, Аргентина, Ұлыбритания, Израиль, Бразилия, Канада, Вьетнам елдерінде өтіпті. Ал, 2017 жылы біздің елімізде алғаш рет қолға алынды.
Жоба еліміздегі «Тель-Авив университеті достарының қауымдастығы», облыс әкімдігі мен С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің қолдауымен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ERG (Еуразиялық Топ), «КЭЗ» АҚ қолдау көрсетуде. Ал, қауымдастықтың вице-президенті Сәния Арапованың айтуынша, университетте өткен шарада мүгедек жандардың қимыл-қозғалыстарын жеңілдетуге арналған құрылғыларды 10 қатысушы команда 72 сағаттың ішінде құрастырып шығуы керек. Осы марафонға қатысқан командалар сурдо-ақпаратты дауыстап жеткізе алатын «Ақылды қолғап», «Көзі көрмейтін және көру қабілеті нашар адамдарға арналған белбеу-навигатор», «Тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамдардың аяқ бұлшық еттерін жаттықтыруға арналған емдік тренажер» және басқа да құралдары ұсынылыпты. Құрал-жабдықтар сатып алуға 3 миллион теңгедей қаржы жұмсалған.
Сөйтіп Мейкатонның 2-ші кезеңі барысында мүгедек жандарға көмектесу үшін бағасы қолжетімді әрі пайдалы түрлі құралдар, құрылғы жасау, бұл құралды жасауға мүмкіндік туғызатын көшірме прототиптер дайындалды. Осы жолы өткен Мейкатонның ерекшелігі де сол, көшірмелерді жасау барысында инженерлерге мүмкіндігі шектеулі адамдар өздері көмектесті. Жасалған құралдар олардың күнделікті тірлігін жақсарту үшін қажет. Нәтижесінде бұл көшірме-прототиптер пайдалы әрі қолжетімді құралдарға айналады, ал, мейкерлер командасы табысты стартап-жобасы бар әлеуметтік кәсіпкерлерге айналады. Бұл жолы тірек-қозғалыс аппараты бұзылған және көру қабілеті нашар адамдардың ғана емес, есту қабілеті зақымданған жандарға да көмек көрсетілді. Үшінші кезеңінде мейкерлер жасаған құралдардың барлығы мүгедектерге тарту етілді. Жаңа жобаларды таныстыру рәсіміне облыс әкімі Болат Бақауов қатысты.
Сонымен бірге бұл жолғы Мейкатонға келген TOM GLOBAL өкілі Лекса Левт мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғылар әлемдік нарықта өте қымбат. Сондықтан біздер өткізетін мейкатонның мақсаты – қолжетімді, сапалы құрал жасау. Жауапты іс жақсы нәтижелер береді. Бұл жоба мүгедек жандарға көмектеседі деп сенемін, дейді.
TOM: Tikkun Olam Makers – мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсартуды мақсат ететін мүмкіндігі шектеулі жандар (need-knowers – нид-ноуерлер) мен өнертапқыштарды (makers – мейкерлер) байланыстыратын ғаламдық қозғалыс. Жобаның мәні – мүгедек жандардың адамдардың өмірін жақсарту. Мысалы, Алматы агротехникалық университетінің студент инженерлері сал ауруына шалдыққан балалар ғана емес, ересектер үшін көшеде жүруге ыңғайлы үш аяқты велосипед жасап шықты. Мұндай велосипедтер нарықта бар болғанымен олар тек балаларға арналған көрінеді. Тағы бір алматылық «Кid robotics» командасы есту және сөйлеу қабілетінен айырылған мүгедек жанға «ақылды қолғап» жасады. Асқар Әскеровтің айтуынша, ерекше «ақылды қолғап» құрылғысы сөйлей алады, ыммен көрсетілген белгіні сөзбен жеткізеді. Сурдо-ақпаратты дауыстап жеткізе алады, есту қабілеті нашар адамның не айтқысы келгенін түсінуге болады. Өнертапқыштар «ақылды қолғапты» есту қабілеті нашар жандар қоғамында жұмыс істейтін Дмитрий Вилюновқа арнайы жасапты. Шараға қатысушы Берік Сағитжановтың айтуынша, шарада ерекше көзге түскен «ақылды қолғаптарда» жазылған сөздер мен мәтіндерді түсініп, үйрену үшін әр функцияны мүгедек адам жаттап алуы керек. Тағы бір қатысушы Жұлдыз Тәшкенбаева екі дөңгелекті велосипедті үш дөңгелек етіп жасадық, тепе-теңдік сақталады. Өнертапқыштардың өздері жасап-құрастырған құрылғыларын жүзеге асырып, қолданысқа енгізуіне мүмкіндік береді, дейді.
Былтыр қарағандылық студенттер жасаған экзоскелет жобасы арбада отырған Валентина Толмачованың бүгінде өздігінен жүруіне себепкер болса – ол Мейкатонның бір нәтижесі. Бұл құрылғылар мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартып, сенімділікке жетелейді.
– Сіздер жай ғана прототип-көшіріме әзірлеп отырған жоқсыздар. Сіздер мүгедек жандардың өмірін жақсартуда өзгелерге үлгі болып, қоғамдық сананы өзгертіп жатырсыздар. Кедергіге ұшыраған адамдардың өмірін жақсартудасыздар, – деді Сәния Арапова мейкерлерге.
– Барлық идеялар мен бастамалардың жүзеге асарына сенімдімін. Бұл жобалар тағдыры күрделі адамдардың өмір сүруіне ашылған жол, – дейді университет ректоры Гауһар Ахметова.
Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар бізбен бірге бір қоғамда өмір сүруде. Бірақ, оларды сирек көреміз. Өз бетімен аяқ киімінің бауын байлап, тамақ іше алмай, заттарын қол созып ала алмайды, көшеге шыға алмайды. Олардың өзгелер секілді өмір сүруі, жұмыс істеуі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Ал, ондай жандарға кімдер көмек бермек деген сауалға Мейкатон ТОМ Kazakhstan ұйымдастырған әлеуметтік маңызы бар шара ой салары сөзсіз
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Суреттерді түсірген Валерий БУГАЕВ